i

FUN&SUN кепілдік беретін ең таңдаулы турлар
Мальдив аралдарында демалу
Ұшу қаласы
Теңіз, күннің шуағы және аппақ құм
Ертегідей Мальдив аралдары

Астанасы: Мале

Тілі: дивехи

Валютасы: руфия (1 MVR ≈ 29,07 KZT)

Уақыты: UTC+5, уақыт белдеуі Қазақстанмен бірдей 

Климаты: тропикалық муссон

Діні: ислам

 

Ел туралы

 

Мальдив аралдары – Оңтүстік Азиядағы Үнді Мұхитында орналасқан арал түріндегі мемлекет. Бұл әлемдегі ең ауқымды «маржанға толы» мемлекет, өйткені олар атоллдарда, яғни маржан аралдарында орналасқан, сондай-ақ Азиядағы ең шағын мемлекет. Мальдив аралдары 26 атоллдан тұрады, олардың құрамында 1192 арал бар. 

 

Мемлекет батысынан Араб теңізінің суларымен, шығыстан Лаккадив теңізінің суларымен ұласады.    

 

Туристер Солтүстік және Оңтүстік Мале, Раа, Баа, Лаама, Гаафу-Алифу, Гаафу атоллдарындағы қонақ үйлерде демалуды жөн көреді. 

 

Ел аумағында тропикалық муссондық климат орнаған. Демалыс үшін ең жақсы уақыт – күз және қыс мезгілі.  

 

Ресми тілі – дивехи (үнді-арий тобынан шыққан). Сондай-ақ, Мальдив аралдарында араб және ағылшын тілдерінде тіл қатысады.

 

 

Фестивальдары

 

Мальдив аралдарының халқы ислам дінін ұстанатындықтан, мұнда көбінесе діни мерекелер тойланады. Алайда дінге қатысы жоқ басқа да мерекелері бар.

 

Балықшы күні. Жыл сайын 10 желтоқсанда атап өтіледі. Бұл күні көшеде мерекелік шерулер өтіп, музыканттар өнер көрсетіп, балық жәрмеңкелері ашылып, балықшылар аулаған балықтарын паш етіп, аспаздар оларды сол жердегі мейрамханалар мен кафелерде әзірлеп береді.

 

Республика күні. 11 қарашада атап өтіледі. Бұл күні адамдар көңілді, мерекелік рәсімдер өткізіп, халық әндерін айтады және билейді.

 

Жаңа жыл. Григориан күнтізбесі бойынша Жаңа жылды тойлау дәстүрін Мальдив аралдарына 70-ші жылдары Еуропадан келген туристер алып келген. Қазіргі таңда туристер Мальдив аралдарына 31 желтоқсанда Жаңа жылды қарсы алу үшін арнайы келеді. Бұл күні қонақ үйлерде шоулар ұйымдастырылып, әртістер өнер көрсетіп, конкурстар өткізіліп, отшашулар атылады. Жағалауда мерекелік дастарқан жайылып, пальмалар жарық шамдармен безендіріліп, Жаңа жылдық атмосфераны сыйлайды.

 

 

Көрнекті жерлері

 

Мальдив аралдарындағы ең қызықты жерлердің көпшілігі су астында орналасқан. Аквалангімен суға сүңгіп, су асты әлемінің сұлулығын, маржандарды, түрлі-түсті балықтарды, теңіз түбіндегі жануарларды, батып кеткен кеме мен велосипедтерді көріп, олармен суретке түсуге болады.

 

 

Солтүстік Мале атоллындағы көрнекті жерлер:

 

Банан кедертасы. Банан тәрізді кедертас әлемге ең таңдаулы дайвинг орындарының бірі ретінде танымал. Мұнда су асты жартастарын, үңгірлерді, қырлар мен маржандарды көруге болады. Кедертастың тереңдігі 30 метрге жетеді, алайда тіпті осындай тереңдікте де теңіздің түбі өте жақсы көрініп тұрады.

 

Түрлі-түсті кедертас. Ол көк, қызғылт сары және сары түсті маржандардан құралған. Мұнда тунец, риф акулалары, тұтасқанаттар және көптеген басқа балық түрлері мекендейді. Бұл дайвинг үшін керемет орын болып табылады, себебі мұнда жарықтар, үңгірлер, жартастар және биіктігі 25 метрге жететін тік өткелдер бар.

 

Балық базары. Мұнда жаңадан ұсталған тунец, сардина, анчоус, кальмар және басқа да теңіз өнімдерін сатып алуға болады. Базарға таңертең барған дұрыс, себебі бұл уақытта базарда балғын балықтың түр-түрі ұсынылады.

 

 

Оңтүстік Мале атоллындағы көрнекті жерлер:

 

Kandooma Thila кедертасы. Дайвинг үшін тамаша жер. Тамшы тәріздес кедертас. Мұнда әсем қырларды, үңгірлерді, сондай-ақ көптеген теңіз мекендеушілерін көруге болады.

 

Guraidhoo corner. Тағы бір әйгілі дайвинг орны. Мұнда тереңдігі 30 метрге жететін су асты жертастарды, арналар мен кедертастарды көруге болады. Бұл жерде тунец, барракуда, тұтасқанаттар мен акулалар мекендейді. Тереңдегі ағысы күшті, сол себепті жаңадан бастаған дайверлер басқа қауіпсіз сүңгу орнын таңдағандары жөн.

 

Embudhoo Kandu теңіз қорығы. Аквалангімен сүңгіп, түрлі-түсті маржандарды, тропиктік балықтарды, тұтасқанаттарды, тасбақаларды және басқа да теңіз мекендеушілерін көруге болады. Бұл жердің ағысы күшті болғандықтан, мұнда тек тәжірибелі дайверлердің сүңгігені жөн. Тәжірибелі дайверлер бұл жерде дрифтингімен, яғни ағыс дайвингімен айналыса алады.

 

  

Раа атоллындағы көрнекті жерлер:

 

Meedhupparu дайвпоинты. Раа атоллындағы аралдардан экскурсиямен баруға болатын, кеңінен әйгілі дайвинг орны. Мұнда теңіз албастыларын, дельфиндерді, теңіз тасбақаларын, тропиктік балықтарды, түрлі-түсті балдырлар мен маржандарды кездестіруге болады.

 

Балық аулау. Раа атоллы аралдарындағы қонақ үйлер балық аулауды ұйымдастырады. Тунец, марлин, дорада, барракуда, желкенді балық аулау үшін қажетті құрал-саймандарды жалға алуға болады.

 

Алифуши аралы. Мұнда экскурсиямен келіп, қолөнершілердің «дони» деп аталатын дәстүрлі балық аулау қайықтарын қалай ағаштан жасайтынын көруге болады.

 

 

Ойын-сауықтары

 

Мальдив аралдарындағы ойын-сауық түрлері мен көрнекті жерлер көп болғандықтан, мұнда уақытты қызықты әрі көңілді өткізуге болады. Адам тұратын немесе тұрмайтын аралдарға баруға; дельфиндермен бірге қайықтан күннің батуын тамашалауға; балық аулауға шығып, ауланған балықты пісіріп, одан дәм татуға; жағажайда жұбыңызбен оңаша кешкі ас ішуге; сноркелинг, дайвинг, серфингімен айналысуға; «банан», мөлдір каяк, скутер және су шаңғысымен сырғанауға; манталар, теңіз тасбақалары, акулалар және түрлі-түсті балықтармен бірге жүзуге; батып кеткен кемеге экскурсиямен баруға болады.

 

 

Тағамдары

 

Дәстүрлі мальдив тағамдарында жергілікті, үнді және араб дәмдері керемет үйлеседі. Тағамдардың көпшілігі балықтан (тунец) және теңіз өнімдерінен, сондай-ақ күріштен, көкөністерден, кокос балдырынан және сүттен жасалады.

 

 

Мына тағамдардың дәмін татып көруді ұсынамыз:

 

Гарудия – тунец, пияз және карри қосылған ащы сорпа. Оны күрішпен, кокос шелпектерімен және лимонмен бірге ұсынады.

Карри – тунец, қызанақ, пияз, сарымсақ, зімбір, чили бұрышы мен жасыл карри пастасынан жасалған карридің жергілікті түрі.

Бабукейлу хитхи – карри тұздығы қосылған балық сорпасы. Күрішпен бірге ұсынылады.

 

 

Мына десерттердің дәмін татып көруді ұсынамыз:

 

Бонди – Мальдив аралдарының ең танымал десерті. Бұл кокос балдырынан жасалған таяқшалар түріндегі десерт. Көбінесе оларға шоколад құйылып, жеміс кесектері қосылады.

Фони боакибаа – кокос сүті мен раушан суы қосылған күріш пудингі.

Нуи фоли – кокос балдыры мен бал қосылған, күріш ұнынан қуырылып жасалған құймақ.

 

 

Жағажайлары

 

Мальдив жағажайларының көпшілігі бір-біріне ұқсас: құмы аппақ; суы мөлдір болғандықтан, қайықтар жүзіп емес, ауада қалқып тұрғандай көрінеді; жайылған пальмалары мен таза аспаны бар. Кейбір жағажайлардың түбінде тастар немесе маржандар кездеседі. Жалпы алғанда, суға кіру жолдары жайпақ болып келеді.

 

 

Солтүстік Мале атоллындағы танымал жағажайлар:

 

Hulhumale жағажайы. Хулхумале – Солтүстік Мале атоллының құрамына кіретін, адамдар мекендейтін арал. Бұл аралда құмы аппақ, суға кіру жолы жайпақ Хулхумале жағажайы орналасқан. Теңізінің түбінде көптеген тастар бар. Жағажайда бикини киіп шомылуға тыйым салынған, бірақ парео немесе немесе арнайы жабық киім киіп шомылуға болады.

 

Bikini жағажайы. Құмы аппақ, суға кіру жолы жайпақ, демалушылары аз жағажай. Көлеңкеде демалуға арналған самалжайлары бар. Бұл жер серфинг әрі сноркелингімен айналысу, жылдам катерге мініп серуендеу үшін қолайлы.

 

Malahini Kuda Bandos қонақ үйінің маңындағы жағажай. Жағажай Кудабандос аралында орналасқан. Бұл жердің суы мөлдір, құмы аппақ және суға кіру жолы жайпақ. Қонақ үйде шезлонгылар, қолшатырлар және сан алуан су көліктері бар.

 

  

Оңтүстік Мале атоллындағы жоғары бағаланған жағажайлар:

 

Ое Дхуни Финолху жағажайы. Екі жағынан толқындармен шайылатын құмқайыры бар, адамдар мекендемейтін аралдағы жағажай. Арал тым шағын болғандықтан, мұнда қонақ үйлер жоқ. Жақын маңдағы қонақ үйлер аппақ құмымен, суға жайпақ кіру жолымен және жұмсақ құмды түбімен ерекшеленетін осы жұмақтай аралға трансфер ұйымдастырады.

 

Бьяду аралының жағажайы. Жағажай тынық және таза. Маңында теңіз тасбақаларын, акулаларды, теңіз қиярларын, сайқымазақ-балықтарды және басқа да теңіз мекендеушілерін кездестіруге болатын әсем маржан кедертасы орналасқан. Бұл жерде катамаран, сноркелинг маскасы мен ескекаяқтарын, дайвинг жабдығын жалға алуға болады.

 

Kaani Palm Beach қонақ үйінің маңындағы жағажай. Маафуши аралында орналасқан. Қонақ үйдің жанында Bikini жағажайы орналасқан, онда кез келген шомылу киімімен суға түсуге болады.
Сондай-ақ, аралда муниципалдық жағажайлар да бар, онда демалу үшін жабығырақ киім кию қажет.

 

 

Раа атоллындағы таңдаулы жағажайлар:

 

Мидхуппару аралының жағажайлары. Бұл аралда қоғамдық жағажайлар мен қонақ үйлерге тиесілі жеке жағажайлар бар. Қоғамдық жағажайларда бикини киіп шомылуға тыйым салынады, ал жеке жағажайларда қалаған киіммен шомыла беруге болады. Бұл жердің суға кіру жолы жайпақ, құмы аппақ әрі жұмсақ.

 

Heritance Aarah қонақ үйі жанындағы жағажай. Бес жұлдызды қонақ үйдің жанында орналасқан, суға кіру жолы жайпақ, жақсы күтілген жағажай. Айналасында пальмалар мен сән-салтанатты виллалар бар. Қонақ үй қонақтарына шезлонгылар, қолшатырлар мен гамактар ұсынылады. Теңіздегі әткеншекке мінуге болады.

 

Cora Cora Maldives қонақ үйіндегі жағажай. Таза, жақсы күтілген және тыныш жағажай. Суға кіру жолы жайпақ. Айналасында жасыл, жапырақты пальмалары бар.

 

  

Лайфхактар

 

1. Мальдив аралдарының жағасында теңіз кірпілері мен маржандар кездесетіндіктен, өзіңізбен бірге маржандардан қорғайтын тәпішкілерді алып жүріңіз. Бұл аяқтарыңызды жарақаттардан сақтайды.

 

2. Дәрілер қобдишасын дайындап қойыңыз, өйткені аралдарда дәріханалар немесе сізге қажет дәрі-дәрмектер болмауы мүмкін.

 

3. Мальдив аралдарына алкоголь әкелуге қатаң тыйым салынған. Егер алкогольді елге жасырын түрде алып өтпек болсаңыз, 500 долларға дейін айыппұл салынуы немесе қамауға алынуыңыз мүмкін.

 

4. Есіңізде болсын, мейрамханалар мәзірінде, SPA-орталықтарында немесе дүкендерде көрсетілген бағаларға қосымша 20% қызмет көрсету ақысы және мемлекеттік салық қосылады.